Замандастар жырлайды: Ақын, аудармашы Саят Қамшыгермен кездесу

✍🏾📚🖊️

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Замандастар жырлайды», «Даналық бейсенбі» жобалары аясында ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының лауреаты Саят Қамшыгермен кездесу өтті.

Поэзиялық кеш қонақтың шығармашылығына, төл туындылары мен аудармаларына арналды. Ақын зияткерлерге поэзияға келген жолы туралы сыр шертті.
– Мен жастайымнан кітапқа құмар болдым. Осы кітапқа деген сүйіспеншілік, махаббат мені осы жолға алып келді. Алғашқы өлеңімді жақын ағам бақилық болып кеткенде сағыныш сезімнен шығардым. Анама оқып бергенде, анам көзіне жас алып, “үлкен талабың бар екен, балам” деп еді. Кейін студент болдым, өлең жинақтарымды шығардым.

Ақын қазақтың жас ақындырының туындыларын жақын көршілес елдердің тілдеріне аударуды қолға алғанын айтты. Қазіргі таңда Қырғызстанда, Тәжікстанда қазақ ақындарының жинақтары шығып, Орталық Азия елдері қазақ поэзиясы өкілдерінің шығармашылығымен жақын танысуда.
– Мен агенттік жұмысымды жалғастырып, Түркия , Өзбекстанға шықтым. Қазір біздің поэзия түрік, өзбек тіліне де аударылып жатыр. Жақында ол елдерде де жинақтар шығады.
Саят Қамшыгер ақындығымен қатар аудармашы ретінде кең танылған. Башқұрт жазушысы Айгиз Баймухаметовтың повесін «Тастамашы,ана» деген атпен аударып, кітап бес рет баспадан шығып, оқырмандарының саны өсуде:
– Автор өзі ата-анасынан жастай айырылып жетімдер үйінде өседі, сол жердегі басынан өткен аянышты тағдырын әңгімелейді. Мен автормен танысып, сыйлаған кітабін оқып, бірден қазақ тілді оқырманға жеткізу керек деп аударуға бел будым.

Зияткерлердің ішінде повесті оқығандары бар екенін біліп, ақын ризашылығын жасырмады. Алып келген шамалы данасын оқушылар алуға асықты. Кездесу соңында зияткерлер Саят Қамшыгердің өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Куратор-ұйымдастырушы Жанаргүл Есенғазиева

Categories: