«Екі жұлдыз» ән байқауы Зияткерлік мектепте мерекелік наурыз айын ашты

🎤🎼🎹🍀🌱Тіршілік оянатын, табиғат гүлденетін, әжелеріміздің, әсем қыздарымыздың 8 наурыз мерекесі қарсаңында Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Екі жұлдыз» ән байқауы өткізілді. Білім орда сахнасында ұстаз бен шәкірт, ата-ана мен оқушы, оқушы мен әпкесі/ағасы жұп болып өнер көрсетті.🎤🎤 «Екі жұлдыз» байқауын өткізудегі басты мақсат – «Қазақтың 100 әні» жобасын жандандыра отырып, мұғалім – оқушы – ата – ана арасындағы жағымды қарым – қатынасты нығайту, дарынды оқушыларға шығармашылық қолдау көрсету.Ән бәсекесін «Junior Eurovision.kz-2020» байқауының финалисті Сания Алтынбекқызы ашты. Жұлдызды жұп атағына кім лайықты екенін шешетін әділ-қазылар алқасына Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің Қамқорлық Кеңесінің мүшесі, «Otbasy Bank» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов, Зияткерлік мектептің «Нұр сазы» оркестірінің» жетекшісі Ертай Барлықов және мәдениет саласаның үздігі, Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының директоры Омарқазы Болатбаев бекітілді.

Ән думанда он бір қатысушы жұптардың орындауында Зияткерлік мектепте жүзеге асырылатын «Қазақтың 100 әні» тізіміне кіретін танымал әндер шырқалды. Вокалды жұптардың әнді орындау шеберлігі, актерлік шеберлік, сахналық келбеті бағаланды: География пәні мұғалімі Назерке Жұмабаева 8 «С» сынып оқушысы Жанель Бекболатпен үйлесімді жұп болып, «Көзіңнің мөлдірін-ай» әнін шырқады. Дуэт «Әдемі жұп» номинациясының иегері атанды. 9 «D» сынып оқушысы Саят Нәби мен физика пәні мұғалімі Бекен Қалымбекұлына ерекше патриоттық сезіммен орындаған «Өз елім менің» әні үшін «Көрермен көзайымы» номинациясы берілді. – Мені ерекше толғандырған әндердің бірі «Құсни-Қорлан» әні болды. Маған бұл ән бала кезімнен өте жақын. Біздің шаңырақта жақындар жиналғанда шырқалатын,- деді қазылар алқасының мүшесі Нұрлан Ақшанов. «Кұсни-Қорланды» мұғалім Анель Еркинбаева оқушы Аруна Әсетпен өздеріне тән нәзіктікпен орындап «Көрермен көзйымы» номинациясына ие болды. «Жарасымды жұп» номинациясы «Егіз-лебіз» әні үшін зияткер Бағжан Нұрділдәқызы мен биология пәні мұғалімі Гүлжихан Арыстановаға берілді. «Үздік дауыс» номинациясына 12“D” сынып оқушысы Зере Жаирбаева мен химия пәні мұғалімі Венера Манашева лайықты деп табылды

. Көрермендердің, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленген 8 “E” сынып оқушысы Гүлсім Данияр мен әкесі Бағдат Дүйсенов «Жайлаукөл кештері» әнін домбыраның сүйемелдеуімен орындап «Үздік лирикалық жұп» номинациясына ие болды. «Үздік биші жұп» номинациясы 9”B” сынып оқушысы Елдана Ержанқызы мен информатика пәні мұғалімі Мақпал Мукановаға берілді. Ән байқауында вокалдық шеберлігімен орындау қабілеттігі жоғары, көптеген қалалық бәйгелерде өнерін көрсетіп жүрген 9 «К» сынып оқушысы Камила Гилева мен ағылшын тілі мұғалімі Айнұр Оспанова сахналық келбеті жағынан да жоғары баға алып 3-ші орын иегері атағына ие болды.

Апалы-сіңілі жұп 8”F” сынып оқушысы Маржан Халбият пен әпкесі, кәсіби әнші, О.Жүргенев атындағы өнер институтының түлегі Марина Халбият «Ана туралы жыр» әнімен 2-ші орынды алды. Қазылар алқасы 8 «Н» сыныбының оқушысы Эвелина Фадеева мен қазақ тілі мұғалімі Ақбота Таубалдиева күрделі акапелла түрінде Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш» әнін орындағанын жоғары бағалап, дуэтке 1- орынды берді. 1-орын иегерлерінен бір ұпайға алға шығып «Бас жұлде» иегері атанған 11 «А» сынып оқушысы Сымбат Сабырова мен педагог-куратор Айғаным Қалдыбай болды. Ән думанға шашуларымен келіп «Наурыз-думан» әнімен көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған Сымбат пен Айғаным мерекелік кештің жұлдызды жұбы атанды. «Екі жұлдыз» ән байқауының қатысушыларына ”OTBASY BANK” атынан сыйлықтар және Зияткерлік мектептің жатақхана оқушылары мен шебер-тәрбиешілердің қолдарынан шыққан «Тұмар» естелік түскиіздер табысталды.

Categories: