«Айгүл” ансамблі NIS төрінде

Алматылық химия-биология бағытындағы NIS-те «Даналық бейсенбі», «Қазақ әндері» жобасы аясында айтулы кездесу өтті.

NIS төріне ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Қазақстанды әлемге танытқан, Еуропа, Азия елдерінде өнер көрсеткен сол кездегі Қыздар педагогикалық институтының шаңырағында құрылған әйгілі «Айгүл» ансамбілінің құрушыларының бірі, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Ағайша Исағулова шақырылды.

80-жасқа аяқ басқан қазақтың аяулы қызы осы күнге дейін Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде музыка факультетінде сабақ береді, шәкірттерін тәрибелеуде.

Кездесу барысында қонақ ансамбль құрылған жылдарға көз жүгіртіп, елеулі оқиғаларды еске алды.
Ағайша Шермұханбетқызы 40 жыл серігі болған сырнайды алып келіп, NIS сахнасынан ән-шашуін тарту етті.

– Мен көбінесе халық әндеріне көңіл бөлемін. Біраз жинақтарым бар. 30-шы жылдары ән айтқан корифей саңлақтарының классикалық әндерін тыңдап, нотаға салып шығардым. Сол әндер бойынша диск шығардық. Соны тарту етуге рұқсат етіңіздер,- деп мектептің музыкалық мұражайына ансамбльді шығармашылық биікке жеткізген ән жинағын сыйлады.

Ағайша ұстазбен бірге NIS сахнасында Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетінің өкілдері , музыка кафедрасының профессоры қызметін атқарушы Мөлдір Оразалиева, педагогика ғылымының кандидаты, музыка кафедрасының меңгерушісі , доцент Алтынай Бейсенбаева, Дидар Ахметжанова «Айгүл» ансамбілінің өнер жолы университеттің тарихында алтын әріппен жазылғанын айтты.

Университетте әнші ападан дәріс алып, музыка әлеміне енді аяқ басқан   Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің фольклорлық ансамблі   танымал күйлерді, «Қара жорға» мен заманауи туындыларды орындады.

Тағлымы мол, тәрбиелік мәні зор, рухани азық болған кездесудің соңында Зияткерлік мектеп директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова қонақтарға зор алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарды табыс етті.  

Categories: