Салем, алтын ұя мектебім!

Алматылық NIS-те  мыңнан астам зияткер жаңа оқу жылын бастады

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те  жаңа оқу  жылының алғашқы қоңырауы соғылды.  Білім күніне арналған мерекелік шараны мектеп директоры Гүлмира Мүнкеева құттықтау сөзбен ашып, 1030 зияткерді  білім күнімен құттықтады:

– Биыл күрделі конкурстық іріктеуден өткен  200-ден астам  жас өренді  «Өркен» білім грантының иегерлері атануымен  құттықтай отырып,  мектеп сіздер үшін жаңа білім,  жаңа табыстар мен жетістіктер мекеніне айналатынына сенім білдіремін.

Гүлмира Бақытбекқызы “TUYMAADA” халықаралық олимпиадасында толағай жеңіске  жетіп, Зияткерлік мектептің абыройын асқақтатқан  10-сынып оқушысы Еңлік Бақытбековаға алтын медаль мен дипломын табыстады.  

Жаңа мұғалімдер шеруін мектеп директорының орынбасары, «Әлем мұғалімі» жаһандық премиясының иегері Асхат Жұмабеков  бастады.   

Мерекені Зияткерлік мектептің көпсалалы CS “DreamTeam” шығармашылық бірлестегінің  мүшелері үстіміздегі жылдың мерейлі даталарына  арналған әсерлі қойлымдарымен, ән-күй шашуымен өрнектеді. Вокалдық тобы  “Самға” әнін, “НЗМ ұранын” шырқаса, тамыз айында халықаралық байқаудың Бас жүлде иегері атанған Зияткерлік мектептің «Нұр-Сазы» этно-фольклорлық оркестрі  Құрманғазының “Сарыарқа” күйін орындады. Бишілер тобы да өз өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ықыластарына бөленді.

Жүргізушілер NIS оқушылары Жанерке Саин, Аружан Талгатова, Мади Мухамедрахим ортаға 2022-2023 жылғы алғашқы қоңырау соғу құрметіне  12”К” сынып оқушысы, мектеп мақтанышы, Республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Темірлан Құдайбергенов пен іріктеу конкурсы бойынша  ең жоғары нәтиже көрсеткен 7”А” сынып оқушысы Айғаным Әзімханды шақырды.

 Білім күніне арналған  салтанатты  шара  7-ші сынып оқушыларының дәстүрлі мерекелік флешмобымен өз мәресіне жетті.  

Categories: