ҚР «ҮЗДІК ПЕДАГОГ-2023» атағын Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS мұғалімі Зәуре Ділманова алды



Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-нің химия пәні мұғалім-модераторы Зәуре Ділманова республикалық байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік педагог-2023» атағына ие болды.

37 жыл тәжірибесі бар Зәуре Бимағамбетқызы сегіз жылдан бері алматылық НЗМ-де химия пәнінен дәріс береді, “ҚР білім беру ісінің үздігі” төсбелгісінің иесі. Білікті маманның шәкірттері республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жүлдегерлері атанып жүр.

Зәуре Дільманова – сыр елінің танымал ұстаздар әулетінің өкілі.

– Менің бойымда білім мен химияға деген сүйіспеншілікті ата-анам және ұстаздарым оятты. Химия пәнінің мұғалімі Дурлештер Исаак Савельевич аптасына тоғыз сағат тереңдетілген сабақты оқытты, ол кезде химия сабағы 2 сағаттан артық берілмейтін. Мектепті бітірген соң бірден педагогикалық институтқа түстім. Таңдау айқын болды – химия мұғалімі болу. Қазір НЗМ-де өзімнің сүйікті пәнімнен сабақ беретініме қуаныштымын, оқушылардың жанып тұрған көздерін көргенде бұл мені екі есе шабыттандырады, – деп сыр шертеді еліміздің үздік ұстазы.

Зәуре Ділманова «Үздік педагог-2023» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Республикалық “Үздік педагог” байқауына еліміздің мыңнан аса мұғалімдер қатысып, 64 оқытушы үздік атанды. ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеңімпаздарды «Үздік педагог-2023» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы НЗМ-нің химия мамандары екінші жыл қатарынан “Үздік педагог” атағына ие болғанын зор мақтанышпен айтуға болады

Categories: