Оқыту арқылы тәрбиелеу – өзекті мәселе

Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен педагогикалық кеңес аясында «Білім беру барысында оқушыларға  өмір құндылықтарын қалай дәріптеуге болады?» тақырыбында семинар өтті.

– Бүгінгі күннің шындығы – әлеуметтік, саяси, идеологиялық сипаттағы күрделі сын-тегеуріндермен бетпе-бет келу. Осы тұрғыда оқушыларды сыртқы факторлардың жағымсыз әсерінен қорғау үшін, оларда тұрақты ішкі ұстанымды  қалыптастыру үшін оқыту арқылы өмірлік құндылықтарды дарытуға ерекше назар аудару қажет,- деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лаура Қыздарбекова.

NIS Programm-ның басты ерекшеліктерінің бірі құндылыққа бағытталған оқыту-оқыту арқылы тәрбиелеу және тәрбиелеу арқылы оқыту болып табылады. Семинар барысында мектеп мұғалімдері арасында оқыту концептіндегі олардың ұстанымдары, сабақ барысындағы тәрбиенің алатын орны мен рөлі, оқушыларды жеке тұрғыда түсінуге, тыңдауға, кеңес беруге дайындығы, академиялық оқуға тәрбиелік аспектілерді енгізу, академиялық бағдарламаның кез келген тақырыбын өмірлік құндылықтармен байланыстыру бағыттарын анықтау мақсатында өткізілген  сауалнама нәтижелері айтылды.

Семинардың екінші бөлімі тәрбиелік технологияларға терең енуге мүмкіндік берді. Қатысушылар сегіз топқа бөлініп, сабақтарда өмірлік құндылықтарды тәрбиелеудің мүмкіндіктері мен жолдарын кезең-кезеңімен талқылады. Қорытындылай келе, әр тақырып бойынша оқу процесінде қолдану үшін қысқаша нұсқаулар мен жадынамалар жасау ұсынылды.

НЗМ даму стратегиясына сәйкес Зияткерлік мектептеріндегі тәрбие жұмысының жүйесі  Қазақстан Республикасының, жалпы әлемнің игілігі үшін қызмет етуге дайын,   өз Отанының патриоты,   адамгершілігі жоғары, адал  тұлғаны   қалыптастыруға, оқушылардың бойында   жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды (ар-намыс, қадір-қасиет, парасаттылық, өзгеге құрметті)    дәріптеуге бағытталған.

Categories: