Ақ жол, жас түлек-2021!

-Қош айтысып балалық шақ өткеніне,
Қош айтысып сүйікті мектебіне
Тұғырдан түлеп ұшқан жас қырандар
Аттанып барады өмір көктеміне,- деп 2021 жылғы түлектерге аттестаттарды тапсыру рәсімі алматылық NIS ChemBio-да болып өтті.

Аттестаттарды тапсыру рәсімін мектеп директоры Гүлмира Бақытбекқызы Мункеева түлектерге арналған құттықтау сөзімен бастады:

– Жыл сайын біз үшін осы күн айтулы оқиға –  түлектердің жаңа толқынын үлкен жарқын жолға шығарып саламыз. Алты жыл бойы  үздік білім алғандарыңызды  соңғы   халықаралық емтихандарды абыроймен тапсырғандарыңызбен дәлелдеп шықтыңыздар, енді  жаңа мүмкіндіктер, жаңа белестен  алдында тұрсыздар. Сіздерге әрқашан   жолдарыңыз ақ болсын деп тілейміз! 

Алматы қаласындағы ХББ NIS-те  2021 жылы 135 зияткер NIS Programme халықаралық сертификатымен бекітілетін Орта білім туралы аттестатына ие болды. Олардың ішінде   «Алтын белгі»,  Үздік аттестат иегерлері бар.

12-ші сынып оқушылары жауапты халықаралық қорытынды емтихандарды сәтті тапсырып шықты. Барлық алты компонент бойынша А * үздік баға алып  білімінің жоғары деңгейін  көрсеткен  Жансая Талаптан   және Зияткерлік мектептер арасында математика пәні бойынша ең үздік нәтижеге жеткен  Тансұлу Әділді ерекше айта кету керек.   

Тапсыру рәсімі барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаумен өтті.    Бетперде,   қашықтықты сақтау, қатысушылардың ең аз саны биылғы жылдың да салтанатты шараның міндетті атрибуттарына айналды. Табыстау рәсімінің алаңына 8 сынып 3 уақытқа бөлініп кезегімен шығып отырды.

Қоштасу мерекесін өткен жылдың түлектері Жандос Әбдірешев пен Уәлихан Әбіш жүргізіп, Зияткерлік мектеп қауымының ерекше ықыластарына бөленді. Аттестаттарды мектептің үздік мұғалімдері де табыстап, түлектерді құттықтады.   CS «Dream Team» шығармашылық ұжымы, бишілер тобы, «Нұр сазы» халық аспаптар оркестрінің солистері «Despasito» бірегей нөмірімен  мерекенін сәнің келтірді.

Алматы химия-биология бағытындағы мектебінің жас түлектері оқуларын жалғастыруға NU және республиканың басқа да жетекші университеттерімен қатар АҚШ, Испания, Германия, Италия, Франция, Венгрия, Чехия, Ресейдің жоғары оқу орындарын қарастырып отыр.

Айта кету керек, NIS түлектері жеткілікті балл жинаған жағдайда республиканың жоғары оқу орындарына бірден екінші курсқа қабылданады.

Categories:

Конкурстық іріктеу (қызметке орналасу)/Конкурсный отбор (трудоустройство)

X