Жаңалықтар
Тоғызқұмалақ: ойында дәстүр мен зият тоғысты
11 қараша 2024 11:11
Бүгін тоғызқұмалақтан Назарбаев Зияткерлік мектептері арасындағы желілік спартакиаданың жеңімпаздары анықталды. Кіші топ арасында Талдықорған NIS командасы II орынға ие болды.
Ежелгі ойынның жанкүйерлері өз қарсыластарымен онлайн форматта кездесті.
Талдықорған қаласының Зияткерлік мектебінің оқушысы Айнель Қайрат тоғызқұмалақты екінші сыныптан бастап ойнайды. Жетістіктер қоржынында облыстық, республикалық деңгейдегі жеңістері бар. Бүгін Айнель кіші топтағы қыздар арасында чемпион атанды.
Әділет Мұқашев, 6-сынып оқушысы алғаш рет спартакиадаға қатысып, кіші топ ұлдар арасында III иеленді.
Айта кетсек, тоғызқұмалақ төрт мың жылдық тарихы бар бірегей ұлттық ойын. Ол шығармашылық пен логиканы дамытады, сол себепті де бұл ойын оқушыларымыздың арасында кеңінен танымал. Ойынға қызығушылық таныту – өз халқының тарихы мен мәдениетіне жақындай түсу.