МЕН СЕНІҢ ЖАНАРЫҢМЫН

💫

Алматы қаласы ХББ НЗМ оқушылары көктемнің алғашқы күндерінде «Күшіміз-бірлікте» атты жаңа әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды бастады.
Педагог-ұйымдастырушы-куратор Хадесова Жанна Елемесқызы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған Алматы қаласының №4 арнайы мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен 8-ші сыныбында кураторлық сағат өткізді.

Алғашқы кездесу балаларды бір-бірімен таныстыру және одан әрі ынтымақтастық үшін ортақ алаң құруға арналды.
Шақырылған балалар ерекше жауапкершілікті қажет ететінін ескере отырып «Алатау» шаңырағы бұл кездесуге жан-жақты дайындалды.
Балалар мектеп психологтарынан кеңес алып, ғаламтор кеңістігінен ақпараттарды оқып, көру қабілеті төмен балалармен жұмыс істеудегі әлемдік тәжірибелерді зерттеді. Зерттеу нәтижесінде оқушылар шақырылған қонақтардың тактильді танысуына, талғамына арналған «Маған ұнайды-маған ұнамайды», «Жаз дыбыстары», «Дәмін тап» сияқты танысу және активити тренингтер өткізуді жоспарлады. Әр шақырылған қонаққа оқушы-кеңесшілер бекітіліп, сонымен қатар «Мен-сенің жанарыңмын» ұстанымы енгізілді.


Қонақтарда «Go Home» атты дәстүрлі танысу ойыны қызығушылық тудырды. Қатысушылар өздерінің туған күндеріне сәйкес шеңбер құрып, ойын барысында бір-бірімен жақынырақ танысты. «Алатау» шаңырағы шақырылған мүшелерімен толықтырылғаны балаларды қуантып жақындасуына ықпал етті. Зияткерлер алдын ала дайындаған тактильді реквизиттері арқылы өздерін таныстырды, осылайша қонақтың есінде қалып, оның жеке кеңесшісі болатын ниеттерін жеткізіп отырды. Мысалы, Марат Анель өзінің жақсы көретін жылы әрі жұмсақ жемпірін киіп, қонақ оны ұстағанда жылылығы мен жұмсақтығы есінде қалды. Оразбай Бекнұр қарапайым бұйымдардан өрмекші жасап, қонағымыз Томириске сыйға тартты. Ілиясова Аружан арнайы қолдан пісірілген тәттілерін ұсынды. Шақырылған қонақтарға Сыгаева Алма мен Марат Анель укулеле мен гитара әкеліп, өздерінің сүйікті әндерін орындады.
Амина Булатова ұйымдастырып жүргізген «Дәмін тап» тренингі балаларға әсерлі болды.
Мектептің этнобұрышында балалар ән айтып, бір-бірімен араласып, ортақ қызығушылықтары мен хоббилерін ашты.
Шарада бастау алған өзара ынтымақтастық жалғасын табады.

Categories: