Командадағы көшбасшы, мектептегі көшбасшы, өмірдегі көшбасшы

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңында Алматылық химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде  «Менің жауапкершілігім – біздің болашағымыз» атты   көшбасшылар форумы өтті.

 Мектептердегі өзін-өзі басқару ұйымдары президенттерін  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымының орынбасары Ольга Можаева құттықтады:

– Биылғы дәстүрлі форум Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған, «Менің жауапкершілігім – біздің болашағымыз» ұраны NIS президенттерінің басты қағидаттарының бірі – командадағы көшбасшы, мектептегі көшбасшы, өмірдегі көшбасшы растайды.
Екі күн ішінде форумға түрлі саладағы танымал кәсіпқойлар, сондай-ақ Зияткерлік мектептердің түлектері қосылды. Мәскеуден форумға психология ғылымдарының докторы, «SKILLFOLIO» білім беру платформасының негізін қалаушы Виктория Шиманская  қосылды, ол Зияткерлік мектептермен ұзақ уақыт бойы табысты жұмыс жасап келеді. Спикер «Командадағы көшбасшы, мектептегі көшбасшы, өмірдегі көшбасшы» онлайн-семинарын өткізіп, форум қатысушыларымен жеке және командалық тиімділікті дамыту бойынша практикалар және дағдылармен бөлісті.

Тәуелсіздік ұрпақтың феномені, түрлі мәдени ағымдар, ХХІ ғасырдың басым мамандықтары, әлемдік және қазақстандық бизнестегі бос нишалар, сәтті немесе сәтсіз стартаптар, жапон философиясы, инновациялық трендтер және басқа да көптеген мәселелерді    «KPMG Central Asia» компаниясының маркетинг жөніндегі директоры, George Washington University-дің шақырылған профессоры Данияр Қосназаров көшбасшылармен талдады.

Face to face форматындағы кездесуде спикер өмірлік траекторияны құру туралы өз ойларымен бөлісті:

– Өршіл болыңыз, көкжиегіңізді кеңейтіңіз және өміріңізге түбегейлі өзгерістер енгізуден қорықпаңыз. Бұл көшбасшы бойындағы басты қасиеттерінің бірі.

«Жасанды интеллект Корея медицина ғылымында танымал ма?» – әлемдік денсаулық сақтау саласындағы заманауи трендтер туралы қызықты әңгіме «Medical Partners Korea Clinic» Қазақстан-Корея клиникасының топ-менеджерлері Kim Kwangbum, Kim Dae-Young және медицина ғылымының докторы Ғалымжан Тоғызбаевпен өтті. Форумның арнайы сессиясы NIS президенттеріне болашақ мамандықты, әсіресе медициналық және химия-биологиялық профильді таңдауда пайдалы бағдарлар алуға мүмкіндік берді.

«Менің жетістігімнің формуласы» тақырыптық сессиясы Алматыдағы екі NIS-тің халықаралық олимпиадалар және ғылыми жарыстар жеңімпаздарын жинады. Спикерлердің ойы бір жерден шықты: табысқа жетуде мектеп бағдарламасының шеңберінен шығу; үнемі ізденіс үстінде болу; олимпиадаға қатысуға ешқашан кеш емес; әрқашан өзіңе сену.

Көшбасшылар форумы аясында, әдетте, NIS желісінде таратуға лайық жаңа жобалар, акциялар мен оқиғалар дүниеге келетін «Біз және болашақ үшін жаңа идеялар» көрмесін өткізу дәстүрге айналды.

Алматылық NIS психологтары өткізген «Көшбасшылық синергиясы» тренингі делегаттарға бір-бірін жақынырақ білуге және мектеп басшысының рөлі туралы тағы бір рет ойлануға, сондай-ақ тұлғааралық және әлеуметтік қатынастарды құрудағы жаңа құралдармен, келіссөздер жүргізу өнерімен, бір ортақ мақсат үшін командада жұмыс істеу жолдарымен танысуға көмектесті. Қорытындылай келе, әр команда постерлер арқылы көшбасшы туралы түсініктерін көрсетті.

– Форум менің ойымнан да асып түсті. Республика бойынша Зияткерлік мектептердің көшбасшыларымен танысу, мықты спикерлермен кездесу, тәжірибе алмасу, ашық спитчтер, жаңа идеялардың тууы – осының барлығына екі күнде қол жеткізе алдық. Мектебіме шабыттанып, үлкен жоспарлармен оралып жатырмын, – дейді Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS президенті Абай Әділет.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі даму департаменті директорының орынбасары Аида Ағаділ делегаттарды форумның сәтті өтуімен құттықтап, президенттерді мектептер арасындағы ынтымақтастықты онлайн форматта жалғастыруға шақырды.

Алматыда алғаш рет Назарбаев Зияткерлік мектептері желісіндегі ең жас – Түркістан қаласының NIS мектебі таныстырылды.

– Жақын арада осында үйренгенімнің барлығын мектеп қауымдастығына енгізуге тырысамын, – дейді Түркістандағы NIS мектебінің президенті Бексұлтан Садық.

Categories:

Конкурстық іріктеу (қызметке орналасу)/Конкурсный отбор (трудоустройство)

X